Меню KDT
ДС-ЖМ сағ. 09:00-18:00
Астана қаласы, Қабанбай батыр 11/5
uasto.ks@gmail.com

Жамбы ату

Жамбы ату -  қазақ халқының бағзы заманнан  бері серік еткен дәстүрлі спорт түрі. Жамбы ату спортының тарихы ғалымдардың зерттеуі бойынша б.з.д. ІV-ІІІ ғасырлардан бастау алады. Жамбы ату ойынын көшпенділер жауынгерлердің мергендік қабілетін шыңдай түсу үшін пайдаланған.  Ел тізгінін  ұстаған азаматтар ең әуелі, әскери  дайындықты жетілдіруді мақсат тұтса, екіншіден, ел ішіндегі мерген садақшыларды  біліп, көтермелеп отырған, үшіншіден, озық мергендерді әскери құрылымға тартып, арнайы топ ретінде пайдаланған. Жамбы  ірі немесе ұсақ малдың тұяғы тәрізді құйылғандықтан тайтұяқ, қойтұяқ, аттұяқ, асық жамбы, бесік жамбы, түйекөз жамбы, қойбас жамбы  деп аталады. Жамбыны ұзын сырықтың ұшына байлап, биікке іліп қояды. Мерген аттың үстінде құйғытып келе жатып, садақпен атып түсіруі тиіс. Жамбыны дәл көздеген адам олжаны өзі алады. Бұл көшпелі мергендердің ең мәртебелі жарысы болып табылады.  Жамбы ату – дүние жүзіндегі ең бір  күрделі әрі өте тартымды спорттың бірі. Қазіргі таңда жамбы ату спорт түрінде 3 стиль қолданылады. Олар: қазақ, корей және түрік стилі.   

 

Қазақ стилі- қазақи стильде жерден 2,5 метр биіктікте орналасқан қола, күміс, алтын жамбыға дәл тигізу керек. Қола жамбы 5 ұпай, күміс жамбы 10 ұпай, алтын жамбы 15 ұпай. Бірінші айналымда үш жамбыға дәлдеп тигізген мерген 30 ұпай иемденеді. Жарыс екі айналымнан тұрады.

Түрік стилі- жерден 3,5,10 метр биіктікте орналасқан жамбыға дәл тигізіп спортшылар ұпай саны бойынша сайысқа түседі. Әр жамбыдан 2, 4, 6 ұпай жинауға болады. Жарыс екі айналымнан тұрады.

Корей стилі- жерден 20 сантиметр биіктікте тұрған нысанға дәл тигізген спортшы 1-5 ұпай иемденуге мүмкіндігі бар. Жарыс екі айналымнан тұрады. Спортшы үш жамбыдан алған ұпайы бойынша жеңіске жетеді.