ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН VI ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ!
Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалі басталды. Төрт жыл сайын өтетін ұлттық спорттың басты додасында өңірлер асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ спорт түрлері бойынша жарысады.Бұл шара ҚР Үкіметінің ҚР дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен ҚР СТМ 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарын іске асыруға бағытталған.
Елімізде салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызды факторы ретінде дене шынықтыру мен спортты насихаттау барысында да кешенді жарыс болып отыр.
Бұл сын спортшылардың ғана емес, еліміздегі барлық өңірлердің өзара сынасатын алаңы. Яғни,
фестиваль нәтижесінде еліміздегі ұлттық спортты жоғары деңгейде дамытып отырған үздік 3 өңір анықталады. Фестиваль бағдарламасындағы барлық жеңістер мен жүлделер балл бойынша есептеліп,
ең көп ұпай жинаған өңірлер жеңіс тұғырына көтеріледі.
Фестивальге еліміздің барлық өңірінен
11 спорт түрі бойынша 1362 спортшы қатысуда. Фестивальдің бағдарламасына «дәстүрлі садақ ату»
(жерде тұрып садақ ату) спорты тұңғыш рет қосылып отыр. Сонымен қатар, көкпардағы жекпе-жек аттардың жеке жарысы көрсетілім
(показательный) ретінде енбек.
Аталған жарысты ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ұлттық спорт түрлері федерациялары, «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «Туризм және спортты қолдау қоры» ұйымдастыруда.
Ұлттық спорт жанкүйерлері фестивальді 4-10 күндері мына мекенжайларда тамашалай алады: қазақ күресі - Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, асық ату мен тоғызқұмалақ - «Qazaqstan» ЖАСК, жекпе-жек - «Аспан» спорт кешені. Ал, көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, дәстүрлі садақ ату, құсбегілік спорттары «Қазанат» ипподромында өтеді.
Жарыс бағдарламасындағы көкпар, қазақ күресі тікелей, қалған спорт түрлері бойынша арнайы репортаждар
Qazsport телеарнасынан көрсетіледі.
05.09